Kinostan: ӘДІЛХАН ЕРЖАНОВТЫҢ «САРЫ МЫСЫҚ» ФИЛЬМІ ВЕНЕЦИЯ КИНОФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСАДЫ

Источник: Kinostan: ӘДІЛХАН ЕРЖАНОВТЫҢ «САРЫ МЫСЫҚ» ФИЛЬМІ ВЕНЕЦИЯ КИНОФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСАДЫ

Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі 77 Венеция халықаралық кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасына қатысады. Әлемнің ең ірі және беделді фестивалдерінің бірі биыл 2 мен 12 қыркүйек аралығында толыққанды жанды форматта өтеді. «Көкжиектердің» халықаралық қазыларын атақты француз кинематографшысы Клэр Дени («Жақсы жұмыс», «Іштегі жайдарлы шуақ», «Ақсүйектер қоғамы») басқарады. Картинаны Short Brothers (Қазақстан) компаниясының және «Қазақфильм» (Қазақстан) мен Arizona Productions (Франция) киностудияларының қатысуымен ZERDE FILMS (Қазақстан) компаниясы түсірген.

«Сары мысық» – режиссер Ержановтың тоғызыншы толықметраж көркем фильмі. Түсірілімі былтыр Алматы облысында өтті. Бас продюсер міндетін Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев атқарды.

«Сары мысық» фильмінің кадры

– Мен үшін Кермек – жазған кейіпкерлеріміздің ішіндегі ең мейірімдісі, оның қазіргідей күрделі уақытта пайда болуында да мән бар. «Көкжиектер» үшін де ризамын. Менің ойымша Венецияның жанды форматы – қазіргі кезде кез келген премьера үшін мәртебе. Командаға және іріктеушілерге осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын, – деді Әділхан Ержанов.

Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдың» оқиғасын баяндайды десе де болады. Кермек деген жас жігіт түрмеден туған қаласына оралады. Бұл мекенді қылмыстық топ иемденіп алып, өзінің заңдарын орнатқан. Ева деген ғашығы осы адамдардың қысым көрсетуімен теріс жолға түсіп кеткен, Кермек те қылмысқа белшесінен батуға мәжбүр болады. Дегенмен ол сүйген қызбен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын тастамайды. Басты кейіпкер қалай да осы мақсатын іске асырмақ болады…

«Сары мысық» фильмінің кадры

Кермекті Ресей актері Азамат Нығманов ойнайды. Оны көрермендер Алексей Мизгиревтің «Конвой», Андрей Шальопаның «28 панфиловшы» картиналары арқылы біледі. Ева рөлінде Нариман Төребаевтың «Үлкен қаланың ласы», Әлішер Сүлейменовтың «Шатыр үстіндегі бұлт» картиналарына түскен қазақстандық жас актриса Камила Нұғманова ойнайды. Екі актер де Ержановтың картинасына алғаш рет түсіп отыр. Жамбас деген қылмыс серкесін осыған дейін режиссердің «Атбайдың шайқасы» және «Ұлболсын» фильмдеріне түскен актер Санжар Мәди ойнайды. Сонымен қатар актерлік құрамда Еркін Ғұбашев пен Ержан Жаманқұлов бар, олар Ержановпен осыған дейін де жұмыс істеген.

Сценарийді Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова жазды. Режиссердің тұрақты әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева әдеттегідей продюсер болды. Француз маманы Гийом де Сиель ко-продюсер қызметін атқарды. Операторы – Еркінбек Пітірәлиев, осыған дейін Ержановтың «Үкілі кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерін таспалады. Қоюшы-суретші Ермек Өтегенов те режиссердің тұрақты серіктесі. Фильм музыкасын қазақстандық танымал композитор Әлім Заиров жазды. жазды.