ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ CПОРТ МИНИСТРЛІГІ: Әділхан Ержановтың жаңа фильмі Сан-Себастьян кинофестивалінің байқауында

Source: ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ CПОРТ МИНИСТРЛІГІ: Әділхан Ержановтың жаңа фильмі Сан-Себастьян кинофестивалінің байқауында

Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" фильмі 2019 жылдың 20-28 қыркүйек аралығында өтетін 67-ші San Sebastian International Film Festival негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады. Бұл Short Brothers және Arizona Productions компанияларының қатысуымен Astana Film Fund компаниясы жасаған картинаның әлемдік премьерасы.

Ержановтың жаңа көркем фильмі ауылда қайтыс болған баланың тарихын баяндайды. Тергеуші Бекзат (актер Данияр Алшинов) істі тез арада жабқысы келеді, өйткені кінәліні жергілікті полицейлер тауып қойған – ол зиянсыз ақымақ Пукуар (Теоман Хос). Бірақ қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда, бәрі өзгереді. Енді тергеушіге өмірінде бірінші рет осы тергеуді барлық ережелер бойынша жүргізуге тура келеді.

Данияр Алшинов пен Динара Бақтыбаева Ержановтың "Атбай шайқасы" фильміне түскен. Д.Бақтыбаева сондай-ақ режиссердің "Әлемнің ерке енжарлығы" картинасында басты әйел рөлін сомдаған. Ал Теоман Хос режиссердің көптеген фильмдерінде ойнаған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы "Қап-қара адам" Almaty Film Festival фестивалі аясында өткен питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын. Фильмнің басты продюсерлері Ақан Сатаев пен Эрнар Құрмашев.

Сценарийді жасау үшін Әділхан Ержанов пен Нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо жұмыс істеді. Халықаралық ілгерілету бойынша продюсері - Ольга Хлащева, атқарушы продюсері – Серік Әбішев, екеуі де Ержановтың барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов, бұрын "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмінде Ержановпен жұмыс жасаған.  Қоюшы суретші-режиссер Ермек Өтегенов режиссердің тағы бір тұрақты серіктесі болып табылады. Фильмге музыканы атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жасады.

- Бұл өзгеріп, адам болатын кейіпкер туралы фильм. Бұл классикалық оқиға, талай рет айтылған, бірақ ол әрқашан қызықты және ол мені толғандырады. Бұл анти-детектив. Бұл жерде ең бастысы адам өлтіру емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі қақтығысын қалай шешетіні, - деді Әділхан Ержанов өз сөзінде.

San Sebastian International Film Festival - әлемдегі ең көне "А" класты кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен қатар).