Кинорежиссер Әділхан Ержанов өзінің «Адемоканы оқыту» атты кезекті 12-ші толықметражды көркем фильмінің түсірілімін аяқтады. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ және Short Brothers компаниясының қатысуымен түсірілді.
Фильмнің түсірілімдері осы жылдың жаз айларында Алматы қаласында өтті. Кинотуынды Қазақстанда заңсыз жүрген Адемока есімді мигрант қыздың оқиғасын баяндайды. Қайыр сұрап, күн көріп жүрген талантты да дарынды бойжеткеннің бар арманы – білім алу. Алайда оның өзге мемлекетте заңсыз жүргені және азаматтығының жоқтығы айтарлықтай кедергі болады. Күтпеген жерден оған өмірден түңілген, маскүнем Ахав есімді философия пәнінің мұғалімі қол ұшын созады...
- Бұл фильм достық, өзара қолдау және адамгершілік туралы.Сондай-ақ әр адамның білім алуға құқылы екенін баяндайтын туынды. Бүкіл адамзат білім алуға ұмтылады, өйткені білім – болашақтың кепілі, - деді режиссер Әділхан Ержанов. .
Фильмнің продюсерлері Алмат Масалим, Серік Әбішев және Ольга Хлащева. Сценарийді Ержановтың өзі жазған. Картинаның қоюшы операторы – еліміздегі үздік операторлардлың бірі Азамат Дулатов (ол Нұртас Адамбайдың «Тараз» және «Лифт», Ақан Сатаевтың «Ол» туындыларын түсірген, сондай-ақ Ә.Ержановпен «Ұлболсын» картинасында жұмыс істеген). Кинотуындының қоюшы суретшісі Ермек Өтегенов, ол Әділхан Ержановпен бұрыннан бері бірге жұмыс істеп келеді. Картинаның композиторы итальяндық Сандро ди Стефано, бұған дейін ол «Оңбағандар» фильмінде Ержановпен бірге жұмыс істеген.
Фильмде басты рөлді жас актриса Адема Ержанова сомдады. Ахавтың рөлін Әділхан Ержановтың басқа да фильмдерінде түскен Данияр Алшинов («Қап-қара адам», «Атбайдың шайқасы», «Ұлболсын», «Онбағандар») ойнады. Сондай-ақ, фильмге Болат Қалымбетов, Әсел Сәдуақасова және Санжар Мәди қатысқан.
Бұл фильм 2021 жылы отандық прокатқа шығады деп жоспарланып отыр.