Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмі «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлер тізіміне енді

Режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмі "Алтын глобус-2020" сыйлығының «Шетелдің үздік фильмі» номинациясына үміткерлердің тізіміне енді. Бұл американдық жүлдені Голливудтың шетел баспасөз қауымдастығы (HFPA) жыл сайын кино және телефильмдердегі үздік жұмыстар үшін табыстайды. "Алтын глобус" сыйлығы Голливудта тұратын 90-ға жуық халықаралық журналистердің дауыс беру нәтижелері бойынша беріледі. Бұл жүлде кино қауымдастығында дәстүрлі түрде "Оскардан" кейінгі екінші беделді сыйлық болып саналады.

Ержановтың туындысымен қатар биылғы жылы үміткерлер тізіміне Томас Уинтерберг, Агнешка Холланд, Андрей Кончаловский, Вернер Херцог, Маттео Гарроне, Хирокадзу Корэеда, Наоми Кавасе, Оливье Ассаяс және т.б. әлемдік кинематограф мэтрлерінің жаңа фильмдері енді.

- Менің ойымша, фильмнің бұл жүлдеден үміткерлер тізіміне енуі - біздің продюсерлеріміздің жақсы жұмысын көрсетеді. Бұл ең алдымен олардың еңбегі. Сонымен бірге, "Қап-қара адам" командасын да құттықтаймын. Мен біздің бірлескен еңбегіміздің назардан тыс қалмағанына өте қуаныштымын, - деп режиссер Әділхан Ержанов өз әсерімен бөлісті.

Ержановтың картинасын Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Astana Film Fund (Қазақстан) компаниясы жасаған. Бас продюсерлер Ақан Сатаев пен Эрнар Құрмашев. Басты рөлдерде актерлер Данияр Алшинов, Динара Бақтыбаева және Теоман Хос ойнады.

"Қап-қара адам" фильмінің әлемдік премьерасы 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Испанияда өтті. Картина Сан Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильміндегі жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясы бойынша "Asia Pacific Screen Awards -2019" (Азиялық "Оскар") сыйлығына ие болған.

Сонымен бірге 2020 жылдың күзінде фильм Францияда прокатқа шығып, бұл елдің ірі қалаларындағы 60 кинотеатрда, соның ішінде Франция астанасы Парижде 9 кинотеатрда көрсетілді. Және де жақында Ресейде өткен "Киношок" кинофестивалінде фильм "Үздік режиссер" (Әділхан Ержанов) және "Үздік актер" (Данияр Алшинов) санаттарында марапаттарға ие болды.

Қазіргі уақытта "Қап-қара адам" фильмін жетекші қазақстандық және ресейлік онлайн-кинотеатрлардан көруге болады.