Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» («Желтая кошка») көркем фильмі 77-ші Халықаралық Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасына қатысады. Әлемнің ең ірі және беделді фестивалдерінің бірі биыл қыркүйектің 2-сі мен 12-сі аралығында бұрыңғы форматта өтеді.
«Көкжиектер» бағдарламасының халықаралық қазылар алқасын атақты француз киногері Клэр Дени («Жақсы жұмыс», «Іштегі жайдарлы шуақ», «Ақсүйектер қоғамы») басқарады.
«Сары мысық» кинотуындысын Short Brothers (Қазақстан) компаниясы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) киностудиясының қатысуымен ZERDE FILMS (Қазақстан) компаниясы түсірген.
«Сары мысық» – режиссер Әділхан Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем фильмі. Түсірілім жұмыстары былтыр Алматы облысында өтті. Фильмнің Бас продюсерлері: Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев.
- Мен үшін Кермек кейіпкерлеріміздің ішіндегі ең мейірімдісі, оның қазіргідей күрделі уақытта пайда болуында да бір мән бар. Әрине, «Көкжиектер» бағдарламасына қатысатынымызға қуаныштымын. Менің ойымша, Венеция кинофестивалінің бұрыңғы форматта өтуінің өзі, тұсаукесері болатын кез келген фильм үшін үлкен сәттілік. Осындай мүмкіндік үшін фестиваль іріктеушілеріне және шығармашылық ұжымға алғыс айтамын, - деді Әділхан Ержанов.
Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды. Кермек есімді жас жігіт түрмеде жазасын өтеп, қылмыстық топ иемденіп, өзінің қатал заңдарын орнатқан туған қаласына оралады. Жігіттің ғашығы Ева, қылмыскерлердің ықпалынан теріс жолға түскен, Кермек өзі де қылмысқа белшесінен батады. Бірақ ол сүйген қызымен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын тастамайды. Ол қалай да арманына қол жеткізуге бел байлайды...
Кермекті Ресейлік актер Азамат Нығманов ойнайды. Көрермендер оны Алексей Мизгиревтің «Конвой», Андрей Шальопаның «28 панфиловшылар» картиналары арқылы біледі. Еваның рөлін Нариман Төребаевтың «Грязь большого города», Әлішер Сүлейменовтың «Шатыр үстіндегі бұлт» картиналарына түскен қазақстандық жас актриса Камила Нұғманова сомдайды. Екі актер де Ержановтың картинасына алғаш рет түсіп отыр. Жамбас есімді қылмыскердің рөлін осыған дейін режиссердің «Атбайдың шайқасы» және «Ұлболсын» фильмдеріне түскен актер Санжар Мәди ойнайды. Сонымен қатар, фильмге Еркін Ғұбашев және Ержан Жаманқұлов түскен, олар Ержановтың басқа да картиналарына қатысқан болатын.
Фильмнің сценарий авторлары Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлік міндетті режиссердің тұрақты әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева атқарды. Картинаның ко-продюсері француз маманы Гийом де Сиель. Фильмнің операторы осыған дейін Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерін таспалаған – Еркінбек Пітірәлиев. Қоюшы-суретші – Ермек Өтегенов, музыкасын жазған қазақстандық танымал композитор Алим Заиров.