2020 жылдың 6 ақпанында режиссер Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" атты жаңа көркем фильмі үлкен қазақстандық прокатқа шығады. Фильм "Short Brothers" және "Arizona Productions" компанияларының қатысуымен түсірілген. "Қап-қара адам" драмалық триллері ауылда өлтірілген баланың тарихын баяндайды. Тергеуші Бекзат (актер Данияр Алшинов) істі тез арада жабқысы келеді, себебі кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хос) – жергілікті полицейлер тауып қойған. Тек қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда ғана, іс орнынан қозғалады. Енді тергеушіге осы істі өмірінде бірінші реет барлық ережелерге сай жүргізуге тура келеді...
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. San Sebastian International Film Festival - әлемдегі ең көне "А" класты кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен қатар).
Көрсетілімнен кейін бірден әлемдік баспасөз басылымдарында фильм туралы жағымды пікірлер пайда бола бастады: картинаны шет елдік сыншылар "әдемі, ирониялық, талғампаз", "қызықты авторлық триллер" деп атады және оның "қатал сұлулығын" атап өтті. Әлемдегі кино туралы жазатын ең беделді басылымдардың бірі, Variety, фильмге мақтаулы рецензия жариялап, оны "керемет, ымырасыз нуар", "ғажайып криминалдық драма" және "ырғақты, қызықты триллер" деп атады.
Өткен жылдың қараша айында Австралияның Брисбэн қаласында өткен "Asia Pacific Screen Awards-2019" сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі барысында режиссер Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильмі үшін "Үздік режиссер" номинациясында жеңімпаз атанды. Осылайша, Ержанов осы номинацияға ие болған ең алғашқы қазақстандық режиссер болып отыр. Оның қарсыластарының қатарында мынадай танымал режиссерлар болды: филиппиндік Лав Диас, қытайлық Ван Сяошуай, палестиндік Элиа Сүлейман және тай елінен Аноча Сувичакорнпонг. "Asia Pacific Screen Awards" (APSA) кино саласындағы ең ірі әлемдік сыйлықтардың бірі болып табылады және ЮНЕСКО және ФИАПФ (халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы Федерациясы) қолдауымен өткізіледі. Оны жиі азиялық "Оскар" деп атайды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы "Қап-қара адам" AlmatyFilmFestival аясында питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын.
Сценарий авторлары Әділхан Ержанов және нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо. Халықаралық ілгерілету бойынша продюсер – Ольга Хлащева, атқарушы продюсер – Серик Абишев, екеуіде режиссердің барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов, Ержановпен бұрын "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмінде жұмыс атқарған. Қоюшы суретші-режиссер Ермек Өтегенов, режиссердің тағы бір тұрақты серіктесі. Фильмнің әуенін атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.
«Бұл өзгеріп, адам болатын кейіпкер туралы фильм. Бұл классикалық оқиға, талай рет айтылған, бірақ ол әрқашан қызықты және ол мені толғандырады. Бұл анти-детектив. Бұл жерде ең бастысы адам өлтіру емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі қақтығысын қалай шешетіні», - деді Әділхан Ержанов фильм туралы.
«Менің ойымша, бұл фильм – біздің ортақ үлкен жетістігіміз. Алаңдағы атмосфера тамаша болды, бұл режиссер Әділхан Ержановтың үлкен еңбегі. Алғашқы күннен бастап, ол маған менің кейіпкерім Бекзат қандай жолмен өтетіні туралы айтқан кезде, мен: «бұл маған арналған рөль, мен армандаған рөль» дедім»,- деді басты рөлді сомдаушы Данияр Алшинов.
«Бұл Әділхан Ержанов түсірген менің сүйікті фильмдерімнің бірі. Өте атмосфералық, терең және салмақты, ол өз әлеміне алғашқы секундтан бастап тартып алады. Ариана рөлінің арқасында мен өзімнің жаңа қырларымды аштым, ал бұл мен үшін актриса ретінде баға жетпес тәжірибе. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма бақыттымын және көрерменнің оны көретініне қуаныштымын!» - деді Динара Бактыбаева.
«Фильм бірден беделді халықаралық кинофестивальдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әлемдік премьерасы жер бетіндегі ең көне "А" класына жататын кинофестивальдерінің бірі Сан-Себастьяндағы негізгі конкурстық бағдарламасында болып өтті. Содан кейін "Қап-қара адам" Бусан (Оңтүстік Корея), Норвегия, Түркия және Керале (Үндістан) сияқты бірнеше басқа да салмақты фестивальдардың бағдарламаларына шақырылды. Қараша айында әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі «AsiaPacificScreenAwards» сыйлығын режиссурасы үшін алды. Сонымен бірге 2020 жылы бүкіл әлем бойынша алты ірі кинофестивальдерге қатысу жоспарланған», - деді өз сөзінде фильмнң халықаралық ілгерілету бойынша продюсері Ольга Хлащева.
Фильмнің дистрибьюторы Meloman Entertainment компаниясы, олар Әділхан Ержановтың "Әлемнің ерке енжарлығы" атты фильмін прокатқа шығарған болатын